Шнобель сыйлығы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Шнобель сыйлығы - 1991 жылдан бері орындауға тұрмайтын, күлкілі жетістіктердің иегерлері марапатталын сыйлық. Оны тіпті, антинобель сыйлығы деп атайтын­дар да табылады. Әйгілі Нобель сыйлығының пародиясы іспеттес. Оны тағайындаған - «Annals of Improbable Research» әзіл-сықақ журналының бас редакторы Марк Абрахамс. Алғашқы жылдары бұл сыйлық Массачусетс техноло­гия­лық университетінде тапсырылған болса, кейін Гарвард универ­си­те­тіне ауысқан. Лауреаттарға лайық сый да ерекше. Әдетте, оларға ме­талдан жасалған өте жұқа қа­ңыл­тырдан (фольга) әзірленген медаль не сақ-сақ етіп тұрған адамның жақ тістері бейнесіндегі естелік бел­гі табысталады. Ал басты сый - 3 Нобель сыйлығы иегерінің қолы қойылған сертификат. Айта кету керек, Шно­бель иегерлеріне марапатты Но­бель иегерлері табыстайды. Қазақстандықтар Нобель сый­лығы секілді Шнобельді де әлі бірде-бір мәрте алып көрмеген. Шнобельдің тағайындалғанына 21 жыл өтсе, осы уақыт аралығында талай-та­лай күлкілі де қызықты зерттеулер жасалғанына куә болды әлем.

Қызықты деректер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • 2006 жылы Франция­ның Пьер және Мария Кюри уни­верситетінің ғалымдары Базиль Одоли мен Себастьен Нойкирх қарапайым спагеттиді құрғақ күйін­де сындырғанда, көп жағ­дайда неліктен екіден көп бөлікке бөлінетінін зерттеген. Анығында, спагеттиді сындырған кезде оның бетінде толқын пайда болып, ол жаңа жарылысқа әкеледі екен. Ол өз кезегінде жаңа толқын тудыра­ды. Бір қарағанға керексіз-ақ дү­ние, ал ғылым үшін маңызы зор. Өйт­кені бұл зерттеу нәтижесін бетон бағаналарды жасауда әбден қолдануға болады.
  • 2005 жылы АҚШ-тың Миссури штатының тұрғыны Грегг Миллер болса, ит­тердің жыныстық жұмыртқаларын алмастыратын протез ойлап тапқаны үшін Шнобель сыйлығын иеленді.
  • 2004 жылы Рамеш Бала­субраманиам мен Майкл Турвиге бұл сыйлық онсыз да белгілі жайт үшін берілген. Бұл ғалымдар шең­берді (обруч) жамбаспен де, ті­зе­мен де, сирақпен де айналдыруға бо­ла­тынын тәжірибе жүзінде дә­лел­деп берген. Мұндай қызықтар өте көп. Шнобель сыйлығының иегерлері қатарында қарапайым бір кесе шайды қалай дайындау қажеттігі жайлы 6 бет әдістеме жазған ға­лымдар да, адамның су мен шәр­баттың қайсысында те­зірек ба­татынын зерттегендер де, сыраны құйғанда оның көбігінің бірінші жылдам кішірейіп, бірте-бірте жылдамдығын азайтатынын анық­таған ақылдылар да бар.
  • Математика саласы бойынша Шнобель сыйлығына ақырза­ман­ды болжаған талай ғалымдар ие болды. Алайда олардың ешбірі ма­рапаттау рәсіміне келмеді, өйт­кені ақырзаман әлемге емес, олардың тек өздеріне ғана келген болатын. Түрлі болжам бойынша, ақырзаман 1954, 1982, 1990, 1992, 1997 және 2011 жылдарда келу ке­рек болса, олардың ешбірі ақтал­мады. «Annals of Improbable Research» әзіл-сықақ журналының бас редакторы Марк Абрахамстың айтуынша, олар әлем ғалымдарын математикалық есептеулерде ен­дігәрі қателік жібермеуге үйретіп­ті-міс.
  • Тағы бір қызық зерттеу - Осло университетінің профессоры Карл Тейгенің үлесінде. Оның зерттеу нысанына - адамдардың күрсінуі ілігіпті. Әдетте, адамдар қайғы не көңіл қалушылықтан күрсінеді. Де­генмен Карл шындығында, күр­сіну - адамның көндігуінің белгісі деп отыр. Ашқан жаңалығы - осы ғана.

Шнобель - 2011

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • 2011 жылы АҚШ-та кезекті Шно­бель сыйлығының иегерлері анық­талды. Марапаттау рәсімі Гарвард университетінде ұйымдас­ты­рыл­ды. Биылғы лауреаттарға арналған сыйлық - химиялық элементтер жүйесінің кестесі бейнеленген кі­шігірім сыйкәде еді.

Мәселен, биылғы жеңімпаз­дар­дың бірі - Литва астанасы Вильнюс қаласының мэрі Артурас Зуокас болып танылды. Оның «ер­лігі» жарнамалық роликке ай­на­лып, талай уақыттан бері интернет тұтынушыларының көзайымына айналып кеткен болатын. Көр­ме­гендер болса, еске сала кетейік, А.Зуокас жүргізушінің тыйым салынған жерге қойған «Мерседес» көлігін БТР-мен таптап өткен-ді. Заң бұзушыларды осы­лай жазалап, қаланы тәртіпсіз­дік­тен тазаламақ болған мэрдің қы­лығы бейнеролик түрінде ға­лам­торды шарлап кет­кен. Бү­гінге дейін бұл роликті 7 мил­лионнан астам адам тамашалапты. Ол Шнобель сыйлығын тағайын­даушылардың да көзіне іліксе керек-ті, олар өз сыйлықтарына бұл қылықтың иесі - Зуокасты лайық деп тапқан.

  • Келесі лауреаттардың тобы - австралиялық биологтар Даррил Гвинн мен Дэвид Рентц. Бұл ға­лымдар 23 жыл бұрын қоңыз­дардың кей тобы сыра бөтелкесімен шағылысуға құмар екенін анық­тапты. Жәндіктер махаббатындағы тосын құпияны ашқан бұлар Шнобель сыйлығы белгіленгеннен бері жеңістен үміт үзбей келіпті. Міне, сыйлықтың 21-жылы де­генде, биологтартың бақтары жан­ды.

Ал Браун университетінің нев­ролог профессоры Питер Снайдер болса, халыққа дәрет қысып тұрса, өзге жұмысты ысырып тастай тұ­руға кеңес береді. Мұндай қо­ры­тындыға ол өзіндік зерттеуі нә­ти­же­­сінде келіпті. Тәжірибе ба­­ры­сында адамдарға белгілі бір уақыт аралығында 250 милли­литр­ден су ішкізе отырып, компьютер­лік тест шешуді тапсырған про­фес­сор, адамдарды дәрет қысқан уа­қытта олардың милары да қа­лыпты жұмысынан ауытқитынын байқаған. Ғалымның айтуынша, егер адамды қатты дәрет қысса, оның есте сақтау қабілеті 24 сағат бойы көз шырымын алмаған адамның жағ­дайымен теңеседі екен. Сондықтан жұмысыңыз сәтті, ісіңіз өнімді болсын десеңіз, дәрет бөлмесіне жиі-жиі бас сұғып тұрған жөн.

  • 2011 жылғы Шнобель үздік­те­рінің қатарында - жапон өнер­тапқыштары да бар. Олар жаңаша дабылқаққыш ойлап тауыпты. Алай­да ол әдеттегідей дыбысқа негіз­делмеген, адамға иісі арқылы белгі береді екен. Дабылқаққышқа жапондар васаби аталатын дәм­деуіш­ті қосқан. Ал оның тіпті ұй­қы­дағы адамды да оятатыны бел­гілі. Міне, васабидің осы қасиетін пайдалану арқылы жапон халқы­ның өкілі Макото Имаи Шнобель сый­лы­ғының иегері атанды.

Тасбақаға тіл бітірмесе де, есі­неу­ді үйреткен Линкольн универ­ситетінің физиологы Анна Уил­кинсон да Шнобельді жеңіп алды. Ол Александра есімді тасбақаны бақандай алты ай бойы команда бойынша есінеуге жаттықтырған. Кейін «адамдардың бірі есінегенде, оны көрген басқалары да қайта­лау­шы еді ғой» деп ойға қалған Анна Александраны өзге тас­ба­қа­лар­дың ортасына апарып есі­нет­кенде, олар бұған пысқырып та қа­рамапты. Демек, адамдар көр­шісінің есінеуін қайталаған кезде, оның эмоционалдық күйін сезін­гендігі болса, мұндай қасиет тас­бақада болмағаны. Аннаның 6 айғы еңбегінің бар нәтижесі - осы ғана.

  • 2011 жылы марапатталғандар ішіндегі ең тарихи зерттеу - То­ронто университетінің профессоры Джон Сендерстің 60-жылдардағы еңбегі болса керек. Сол жыл­дары көшедегі көлік аз болғаны белгілі. Міне, ғалым бірнеше кө­лік жүргізушінің басына дулыға кигізіп, көлік жүргізуге тапсырма береді. Дулығаның көзді жауып тұ­ратын қалқаны болады, жүр­гізуші қажет кезде ғана оны кө­теріп ашып, ал қалған уақытта кө­­лікті «су қараңғыда» жүргізуге мін­детті. Жүргізушілердің қал­қанды ашқан және жапқан уа­қыттарын есепке алған Дж. Сен­дерс мынандай қорытындыға келеді: жолда қозғалыс, яғни көлік көбірек болса, жүргізушілер кө­бі­рек сақтанады екен. Бір қарағанда, бұл мұндай тәжірибе жүргізбесе де аян нәрсе ғой. Дегенмен соны тә­жірибе жүзінде дәлелдеген Сен­дерс арада 50 жыл өткенде Шно­бель сыйлығын жеңіп алды.[1]

Тағы қараңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Нобель және Шнобель