Травертин

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Травертин
Травертин террасы, Йеллоустондық ұлттық парк, АҚШ

Травертин (Ежелгі Италиядағы Тибур, қазіргі Тиволи қаласының атымен аталған), әктасты туф – көмірқышқылды қайнарлардан кальций карбонатының тұнуы нәтижесінде түзілген кеуекті тау жынысы. Травертинде көбінесе өсімдіктер мен әр түрлі органикалық қалдықтардың іздері байқалады. Травертин — әкті туф терминінің синонимі.

Сипаттамасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Травертин кеуекті және қуысты болып екіге бөлінеді. Түсі ашық, сары сұр, ақсары, қоңыр сұр болып келеді. Жұмсақ, оңай кесіліп, өңделеді, көлемдік массасы 1,5 – 2,6 г/см³, кеуектілігі 2-ден 40%-ға дейін.

Кен орындары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Травертиннің кен орындары Армения, Әзірбайжан, Тәжікстан, Украина, т.б. жерде кездеседі. Қазақстан жерінде Қорам Травертин кені бар. Ол Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қорам аулынан оңтүстік бағытқа қарай 6,5 км жерде орналасқан. Линза тәрізді кен денесі көлбеу созылған, ұзындығы 130 – 150 м, ені 65 – 150 м, қалыңдығы 0,4 – 15 м, жатыс тереңдігі 5 м. Кальцит пен арагониттен тұрады. Қоры 141 мың тонна, резервтегі кен.


Травертин цемент, әктас, кальций карбидін өндіруде және әрлеу тастары ретінде қолданылады. Ашық сары рим Травертині (Римнен солтүстікке қарай орналасқан Сабини тауынан) Колизей мен Римдегі әулие Петр соборын салуға қолданылған.[1]

  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том