Сарымсақ

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Сарымсақ

Ғылыми топтастыруы
Дүниесі: Өсімдіктер
Бөлімі: Гүлді өсімдіктер
Табы: Дара жарнақтылар
Сабы: Asparagales
Тұқымдасы: Amaryllidaceae
Кіші тұқымдасы: Allioideae
Тайпасы: Allieae
Тегі: Allium
Түрі: A. sativum
Екі-есімді атауы
Allium sativum
L.

Сарымсақ (лат. Allium sativum) – амариллистер тұқымдасының жуа туысына жататын адамзат кеңінен асқа, медицинада пайдаланатын көкөністің түрі.

Сарымсақ әдетте Орталық Азияда кездеседі, ол сондай-ақ Италияда және Оңтүстік Францияда өседі.

Пайдасы және қолданылуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қарапайым сарымсақтың халықтық медицинада мың сан ауруға ем. Қытай халық медицинасы сарымсақты салқын тиюден болған аурулардың барлық түріне, тыныс жолдары ауруына, тіпті туберкулезге қарсы қолдануға кеңес береді. Бірінші күні 30 грамм сарымсақ қабылдау қажет. Осылайша ай жарым ішінде мөлшерін күннен-күнге көбейте 90-120 грамға дейін жеткізеді. Ал ай жарымнан кейін сарымсақтың мөлшерін керісінше біртіндеп азайтып, бастапқы кезеңдегі 30 грамға дейін төмендетеді. Осы кезеңде күніне бірнеше рет сарымсақ буымен дем алу қажет, ал арқа мен кеудені өсімдік майымен 1:1 араласқан сарымсақтың сөлімен сүртеді.

Он шақты пиязды бір бас сарымсаққа араластырып турап, сүтке салып жұмсарғанша қайнатады. Оған аз ғана шырын немесе шөптердің қайнатпасын құйып, балды қалауынша қосады. Мұны күшті жөтел кезінде сағат сайын ішуге болады. Қатты тұмауратқанда, көп сипаттағы салқын тию белгілері (түшкіру, жөтелу, қызу көтерілу т.б.) білінгенде, тамақ ауырғанда, ангина, бұлшық ет пен сіңірлер ауырғанда бір шай қасық сарымсақ майын және 20-25 тамшы пияз сөлін қайнаған суға араластырып, жылылай бір стақаннан төрт сағат сайын ішіп отырады. Мұрынға 5-10 тамшыдан тамызу қажет.

Тұмау, қолқаның қабынуы, өкпеге салқын тигенде 300 грамм сарымсақты ұсақтап, шарапқа араластырып, бетін мұқият жауып, 30 минут қояды. Сосын 200 грамдай қалдығын бір литр “Кагор” шарабына сүзіп құйып, қоспаны екі апта тұндырып қояды. Қойыртпақты мезгіл-мезгіл шайқап қойған жөн. Тұнбамен арқа мен кеудені бір-екі рет ысқылап сүртіп тұрған пайдалы.

Жүрек ауруларына да сарымсақ – таптырмайтын ем. Бір литр балға он лимон сөлін қосып, оған он сарымсақты ұсақтап араластырып, тығыз жабылған ыдысқа салып қояды. Ол қараңғы, салқын жерде бір апта тұруы тиіс. Сосын күніне бір рет 4 шай қасықтан тамақтанардан 20-30 минут бұрын қабылдайды. Әр қасықты жұтқан сайын арасына бір минут үзіліс жасап алған жақсы. Бұл қоспа демікпесі бар стенокардияға өте пайдалы. Тіпті бірер адым жүрген сайын ентігіп қалып, тыныстап алатындардың өзі осындай тұнбаны қабылдағанда сауығып кеткен.

Ағзадағы холестериннің деңгейін төмендетуде де сарымсақ жақсы көмектеседі. Ол үшін күн сайын өрік, шие, қара өріктен алынған қойыртпақты 15-20 грамнан қабылдап, бұған қоса, бір шай қасықтан күніне үш рет сарымсақ майын немесе 1/3 шай қасық сарымсақ ұнтағын қабылдап отыру қажет.

Ал бастапқы инфаркт кезінде тамақ мәзіріне сарымсақ майын, сарымсақ шарабын, сарымсақтың өзін араластыру керек. Бұл инфаркті тежейді.

Жүрек ұстамасының дамуын тоқтату үшін сарымсақтың тазаланған бір шағындау талын жұтып жіберген дұрыс. Қалтаңызда нитроглицерин болмай қалған кезде осылай істесеңіз, жүрегіңізді бүрген ауру із-қайым жоғалады.

Бұрынғы өткен емшілер жүрегіне қан толып, тынысы тарылған адамға сарымсақты тұзға батырып, содан соң стақан толы шарапқа араластырып ішкізген. Бұдан кейін ауру адамның пештің түбіне жылы жерде терлеп жата тұруына мүмкіндік береді. Сол кезде қан дененің барлық жеріне тарап кетеді де, ол адам тез сауығады.

Қант диабетін ауруды да сарымсақпен емдеуге болады. Сарымсақтың 100 грамм кесіндісіне бір литр қызыл шарап құяды. Қоспаны жарық түсетін жылы жерге екі апта қояды. Мезгіл-мезгіл араластырып, сүзбеден өткізіп қойған да артық болмайды. Сосын мұздатқышта сақтау керек. Дайын болған емдік тұнбаны 1-2 ас қасықпен күніне үш рет тамақ ішер алдында қабылдайды. Сондай-ақ сарымсақтың үш-төрт басына (ұсақтап туралған) 500 мл. қайнаған су құйып, бетін орап 20 минут бұқтырады. Сосын күні бойы шай сияқты іше беруге болады. Диабетке арналған емнің тағы бір түрі - ұсақтап туралған бес-алты бас сарымсақты 500 мл. қара суға салып, жақсылап араластырады. Күннің көзіне бір сағат бұқтырады. Мұны су сияқты шөлдегенде іше береді.

Беттегі безеу, бөртпе, терінің тағы басқа іріңді жараларына сарымсақтан былайша емдік тұнба жасайды. Төрт жүз грамм сарымсақты ұсақтап шыны құтыға (бөтелке) салады. Үстіне шамалап спирт құйып, күннің көзіне сұйықтық сары-жасыл түске енгенше (мезгіл-мезгіл араластырып) қою керек. Бұдан соң сүзгіден өткізіп алған жақсы. Оны қабылдағанда алғашқыда бес тамшыдан, сосын әр күн сайын оған бір тамшыдан қосып сумен ішеді. Осылайша күн сайын көбейтіп, 25 тамшыға жеткізгенде, керісінше, күн сайын бір тамшыдан азайтып, қайтадан бес тамшыға жеткенше қабылдайды. Қажет болған жағдайда бұл емдеу курсын қайталауға болады. Тұнбаны жараға жағып, терінің зақымданған жерін сүртсе де артық етпейді. Іш өту және жұқпалы іш аурулары өте қауіпті. Бұл ауруларға, әсіресе, балалар бейім келеді. Әрине, дәріханада іш ауруларына қарсы неше түрлі дәрмек бар. Алайда табиғи қауіпсіз ем қолданғанға жететін ештеңе жоқ. Осы ауру түрлерінен емделуге де сізге тағы сарымсақ көмекке келеді. Мұндай жағдайда бөлшектенген қараот (портулак) жапырағын (бір ас қасық) бір стақан ыстық суға салып кішкене қоя тұрады, сосын 30 минут қайнатып, оған бір-екі бас ұсақталған сарымсақ қосады. Қымтап орап, жиырма минуттай тұндырып, сүзгіден өткізеді. Жұқпалы іш ауруларында осы тұнбаны 1/2 стақаннан күніне үш рет тамақтан жарты сағат бұрын ішеді. Жұқпалы іш ауруларынан емделгенде күн сайын тәулік бойына бір бас сарымсақты тұтастай жеген дұрыс. Бұл аурудан тез жазылуға көмектеседі. Ал іш өткен кезде 2-3 грамм сарымсақ ұнтағын күніне екі рет тамақтан кейін қабылдайды. Мұның тиімді әсері бірден байқалып, іш өту тоқтайды, адамның тамаққа да тәбеті оянады. Негізінде сарымсақ ұнтағы адамды қауіпті жұқпалы іш аурулары қоздырғышынан да қорғайды. Жұқпалы іш аурулары және асқазан ішек жолдары ауруларынан емделу үшін карболен ұнтағын (дәріханалық препарат) сарымсақ сөлімен 1:1 етіп араластырып, жылы пешке (духовка) сарымсақ сөлін кепкенше ұстайды. Оны 1/3 шай қасықпен күніне үш рет тамақтан 20-30 минут бұрын қабылдау керек. Карболен ұнтағына сіңген сарымсақ сөлі тек асқазан, ішек жолдарына түскенде қайтадан жайлап бөлініп шығады. Бұл тәсіл сарымсақтың емдік қасиетін одан сайын күшейте түседі. Бұл емді сондай-ақ тамақтан, жеміс-жидектерден уланғанда, дәрі-дәрмектік заттармен өте қатты уланғанда, асқазан бүріп ауырғанда, іш өткенде күніне үш рет (тамақтан 30 минут бұрын) қабылдау керек.

Ал шаш түскен кезде басты күн сайын ұстарамен тақырлап алып, бір апта сарымсақтың, бір апта пияздың сөлімен сүртеді. Сонда шаштың түсуі тоқтап, керісінше жақсы өседі.

Сарымсақ – теріге сыздауық, сүйел, теміреткі, қышыма тағы басқа жаралар шыққанда да таптырмайтын ем. Мысалы, шағындау шүберекті өсімдік майына шылап алып, артық майын сығып, ортасына ұсақтап туралған сарымсақ салып, сыздауықтың (тағы басқа жаралардың) үстіне жапсырып таңып тастаса, сыздауықтың қабығы тез жарылып, қабынуы тоқтап, ауруы басылады. Жараның үстіне танған сарымсақты күн сайын ауыстырып тұру керек. [1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Шаңырақ : Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы : Қаз.Сов.энцикл.Бас ред., 1990 ISBN 5-89800-008-9