Памфлет

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Памфлет, қаһарлы сөз (ағылш. рamphlеtпарақ) – белгілі бір құбылыстарды, беделді саяси және мәдени қайраткерлерді әшкерелеуге арналған өткір сатиралық шығарма[1]; өткір сатираға құрылған әдеби туынды; қоғамдық-саяси өмірде қандай да бір тұлғаны немесе құбылысты өткір сатирамен масқаралайтын, нысаналы, айқын тілмен ерекшеленетін, жағымсыздық, жамандық такырыбын әшекерлейтін саяси публицистиканың жанры.[2]

Публицистиканың жанры ретінде қара сөзбен ғана емес, өлең түрінде де жазылады. Памфлет белгілі бір құбылыс, оқиға, деректерді, мемлекеттік саяси жүйе мен беделді қоғам қайраткерлерінің ықпалын қысқа негізде сатира үлгісінде де әшкерелейді.

Памфлет термин ретінде 12 ғасырда қолданыла бастағанымен, оның классикалық түрі Қайта өрлеу дәуірінде (16 ғ.) қалыптасты. Ежелгі Грекия мен Римде шешендік сөз, ғылыми трактат (Демосфен, Цицерон, Ювенал) түрінде келіп, кейін мазмұн, пішін тарапынан барлық жанрды қамтыды. Памфлет қара сөзбен де, өлең түрінде де келеді, насихатқа негізделіп, барша қауымға түсінікті болады. Памфлет қоғамның саяси-әлеуметтік тынысын бейнелейді, нақты оқиға, дерекке байланысты туындайды. Кейде Памфлет жала жабу мағынасында келсе, пасквиль деп аталады.

Публицистикалық Памфлет үлгілеріне Дж.МилтонныңАреопатика” (1644), “Бөшке ертегісі” (1704), Дж.СвифттыңВольтер туралы трактат” (1763), М.ГорькийдіңӘзәзіл билеген қала” (1906), Л.Н. ТолстойдыңҮнсіз қала алмаймын” (1908), т.б. шығармалар, ал сатиралық Памфлет қатарына СвифттыңГулливердің таңғажайып саяхаттары” (1726), М.А. БулгаковтыңҚан қызыл арал” (1928), т.б. туындылары жатады. Памфлет жанры В.Г. БелинскийдіңГогольге хат” (1847), П.Я. Чаа-даевтыңФилософиялық хат” (1836) секілді еңбектерінен көрінсе, соғыс жылдарында И.Эренбург, Я.Галланың фашизмді айыптаған публицистикалық Памфлеттері жарық көрді. Қазақ әдебиетіндегі памфлетті А.БайтұрсынұлыӘдебиет танытқышында” (1926) толғау түрінің біріне (күліс) жатқызып, “мазақ қылу” деп атайды. Қазақ өлеңіндегі памфлеттің алғашқы нышандары жыраулық поэзия өкілдерінен байқалады. Мысалы, Жанкісі жыраудыңҚоқан ханына айтқаны”, Махамбеттің Жәңгір ханға, Шернияздың Баймағамбет сұлтанға, Тұрмағамбеттің Құлжанға айтқандарында Памфлетке тән пафос бар. АбайБолыс болдым, мінекей”, “Мәз болады болысың”, “Күлембайға” деген топтама Памфлет өлеңдерінде болыс-билердің типтік-психологиялық, сатиралық портретін жасады. Әсет пен Ырысжанның жұмбақ айтысы мен С.Торайғыров өлеңдерінен Памфлеттік сарын байқалады. С.ДөнентаевтыңБозторғайы” (1915), С.СейфуллинніңКүзетші иттері” (1917) мысал Памфлетке жатады. Соғыстан кейінгі жылдары Қ.АманжоловтыңДүние дұшпандарына”, “Аденауер ұсқыны”, А.ТоқмағамбетовтыңТрумэннің қонақтары”, “Қорқаулар комедиясы”, “Бұрандалы бұлбұлдар”, т.б. Памфлеттері жазылды. Қазіргі кезде республикалық баспасөз беттерінде халықаралық тақырыптарға жазылған памфлеттер жарияланып жүр.[3]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
  2. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Әлеуметтану және саясаттану бойынша / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын - Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2006. - 569 б. ISBN 9965-808-89-9
  3. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6
  • Қабдолов З., Сөз өнері, А., 1997;
  • Әдебиеттану. Терминдер сөздігі, А., 1998;
  • Байтұрсынұлы А., Шығармалар жинағы 5 томдық, 1-т., А., 2003.