Орман шаруашылығы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Орман шаруашылығы
Шаруашлық

Орман шаруашылығы– экономиканың бір саласы. Ормандарды зерттеу; есепке алу; ағаштар мен бұталардың тұқымынан және көшеттерден орман өсіру, орманды жаңартып отыру; орманды күту; сүрек дайындау, оны кесіп, реттеу; питомниктерде көшет өсіру; суландыру; орманды өрттен, зиянкестер мен түрлі аурулардан қорғау; саңырауқұлақ, ағаш шырынын жинау; ағашқа және орман өнімдеріне деген халық шаруашылығына қажеттерін қанағаттандыру мақсатында орманды пайдалану ісін реттеу шараларымен шұғылданады.

Орман қоры

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақстан жер ресурстарына бай болғанымен, орманға бай емес. Қазақстанның жалпы аумағында орман және бұталар алып жатқан көлем небары 4,2%-ды құрайды. Оңтүстігінде көпшілік бөлігін сексеуіл алып жатыр. Ал оңтүстік-шығысындағы орман таулы орманға жатады (20%).

A.
Жумыскерлер.

Осы аймақтағы ормандарда орман жемістері мен жаңғақтары айтарлықтай көлемде дайындалады. Еліміздің батысы мен орталық бөлігінде ауа-райы құрғақ болғандықтан, орман жоқтың қасы. Сондықтан орман қорының 80%-ға жуығы солтүстік және солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан, оның тең жартысы Шығыс Қазақстан облысындағы қарағайлы және майқарағайлы орманға жатады. Мұнда негізінен орман ағаштарын дайындау жұмыстары жүргізіледі.

Орман шаруашылығы геогрографилық ерекшеліктері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақстан аумағының орман шаруашылығы геогрографилық ерекшеліктеріне қарай үлкен 4 өңірге бөлінеді:

  1. Шығыстағы Алтай таулы ормандары (бағалы қылқан жапырақты орман);
  2. Солтүстігіндегі орманды дала (қайың, көктеректен тұратын шоқ ормандар және қарағайлы орман жолағы);
  3. Оңтүстік-Шығыстағы Тянь-Шань тауындағы және Іле Алатауындағы шыршалы орман;
  4. Оңтүстіктің шөлейтті жеріндегі сексеуілді орман. Сонымен қатар ірі өзендер бойына орналасқан өзен жағалауы ормандары бар. Олар Батыс Қазақстандағы жалғыз орман типі болып саналады және суды реттеуде маңызды рөл атқарады. Егістікті қорғау үшін қолдан отырғызылған орман жолақтарының ауыл шаруашылығында атқаратын рөлі зор.
орманды пайдалану

Орман шаруашылығы жұмыстары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақстанда Орман шаруашылығы жұмыстарын Ауыл шаруашылығы министірініңнің Орман және аңшылық шаруа комитеті басқарады. Оның құрылымында 9 мемлекеттік табиғи қорық; 6 мемлекеттік ұлттық саябақ; орман шаруашылығы және биоресурстар жөніндегі 14 облыстық аймақтық басқарма бар. Олардың қарамағында орман және жеке жабайы табиғатты қорғау жөніндегі 138 мемлекеттік ұйым, “Қызыл жиде” республикалық мемлекеттік табиғат қорғау мекемесі, Орман шаруашылығын жобалау жөніндегі Қазақ мемлекеттік қазыналық кәсіпорны (“Казгипролесхоз”), “Қазақ орман орналастыру кәсіпорны”, Қазақ орман қорғау және орман шаруашылығына қызмет көрсету жөніндегі авиацилық база, Алматы орман шаруашылығы селекциясының орталығы, “Көкшетау орман шаруашылығы селекциялық орталығы” республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны, Қазақ орман шаруашылығы басшылары мен мамандарының біліктілігін көтеру институты, Қазақ республикалық орман тұқымы мекемесі, “Аңшылық зоокәсіпшілік” ӨБ республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны жұмыс істейді. Бұлардан басқа Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі әкімшілігіне қарасты Бурабай ұлттық саябағы, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің меншігінде орман шаруашылығы тәжірибе стансасы бар. [1][2]

Орманшаруашылығының салалық құрамы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Орман өнеркәсібі - ағашты дайындауға, оны механикалық және химиялық өңдеуге қайта өңдеуге қатысатын салалар жиынтығы. Әртүрлі технологиялар көмегімен ағаштан түрлі өнім түрлерін алуға болады.

Орманның адам өмірінде алатын орны өте жоғары. Ағаш құрылыста конструкциялық материал, тау-кен өнеркәсібінде (шахта жақтауларын ұстату), машина жасауда (кеме, ұшақ, вагон), жиһаз, қағаз, сіріңке және басқа өнімдерді өндіруде қолданылады.

Қазақстанның ағаш өңдеу өнеркәсібі орман дайындау, механикалық, химиялық өңдеу сияқты салалардан тұрады.

Ағаш дайындау

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Елдің ағаш өңдеу өнеркәсібінің шикізат базасы толық жеткілікті емес. Ағаш дайындау өнеркәсібінің кәсіпорындары ағашты дайындау, өңдеу және тасумен айналысады.

Ағашты механикалық өңдеу

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Механикалық өңдеу мынадай салаларға бөлінеді: ағашты кесу, жиһаз өнеркәсібі, ағаш жоңқасын және ағаш талшығын дайындау.

Кесілген материалдар ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының шикізаты болып табылады. Олар Семей, Өскемен, Риддер, Шемонаиха, Черновинск, Көкшетауда жұмыс істейді. Олар құрылыс материалдарын, терезе және есік жақтауларын, ұсталық бұйымдарды, плиталарды шығарады. Ағаш өңдеу өнеркәсібі елдің басқа аймақтарымен салыстырғанда Шығыс Қазақстанда жақсы дамыған.

Жиһаз шығаратын кәсіпорындар тұтыну аудандарында орналасады. Бұл жиһазды тасымалдау ағаш тасымалына қарағанда қымбатқа түсуімен байланысты, ал өндірістің өзі маманданған кадрлардың болуын талап етеді. Жиһаз фабрикалары Алматы, Өскемен, Қарағанды, Павлодар, Шымкет және басқа қалаларда орналасқан.

Қарағанды облысы, Оскаровка кентінде музыкалық аппаратура, ал Үштөбеде (Алматы облысы) Қазақстандағы жалғыз киіз үй жасайтын фабрика қызмет істеуде.

Бүгінгі күнде елімізде жиһаз өнеркәсібінің дамуына мүмкіндіктер бар, оның өнімі ішкі нарықты ресейліктермен бәсекелес бола алады.

Орман-химиялық өңдеу

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Орман-химиялық өңдеуге целлюлоза, картон, қағаз және т.б. өндірісі жатады. Оған қылқанды орман ағаштары, арзан шикізат ағаш аралау қалдықтары, құрақ пайдаланылады.

Өндіріс энергия, су, шикізат, күрделі құрылғылар мен технологиялар қолданысының жоғары мөлшерімен ерекшеленеді.

Қазақстандағы ең бірінші гофрақағаз және гофрокартан шығаратын қағаз комбинаты Алматы облысы, Қарасай ауданының Абай кентінде жұмыс істейді.


Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VII том
  2. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Экология және табиғат қорғау / Жалпы редакциясын басқарған – түсіндірме сөздіктер топтамасын шығару жөніндегі ғылыми-баспа бағдарламасының ғылыми жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты А.Қ.Құсайынов. – Алматы: «Мектеп» баспасы» ЖАҚ, 2002 жыл. – 456 бет. ISBN 5-7667-8284-5