Кіші Қаратау қатпарлы белдемі

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Кіші Қаратау қатпарлы белдемі - Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағында. Солтүстік-батыс бағытта Үлкен Қаратау қатпарлы белдеміне қатарласа орналасқан. Ұзындығы 150 – 200 км, ені 35 – 40 км.

Геологиялық құрылымы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Кіші Қаратау аймағы ірі асимметриялық Қаратау антиклинорийінің солтүстік-шығыс қанаты болып қалыптасқан. Қаратау антиклинорийінің ядросы Көкжота (Көкжон) сериясының метаморфталуға шалдыққан тақтатастарынан, солтүстік-шығыс қанаты Қараой мен Тамды серияларының тау жыныстарынан түзілген. Палеозой дәуірінде геосинклинальдық белдеулер жедел дамып қатпарлы тау сілемдері бой түзеген. Кіші Қаратау қатпарлары белдемінің пайда болуы, негізінен, каледон тектогенезімен байланысты герцин циклінде қалыптасуы жалғасқан. Каледон тектоникалық түзілімдерінде солтүстік-батысқа қарай созылған ерте палеозой қатпарлары түзілген. Көкжота сериясының тау жыныстары енді белдеу құрып, солтүстік-батыс бағытта созылған, қатпарлардың қанаттары оңтүстік-шығысқа бағытталған. Қараой мен Тамды серияларының тау жыныстары Көкжота сериясының жыныстарына қатарласа созылған. Олардың изоклиндік қанаттары оңтүстік-шығысқа қарай бағытталған. Тек Кіші Қаратау қатпарлары белдемінің оңтүстік-шығыс шетінде қанаттары тік оңтүстік-батысқа қарай төңкерілген.

Негізгі жарылымдары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Каледон және герцин тектогенездерінде кіші Қаратау қатпарлары белдемінде бірнеше бойлық бағыттағы ірі жарылымдар орын алған. Бұл жарылымдардың негізгілері: Бас Қаратау жарылымы, Үлкен Қараой, Кіші Қараой және Ақтау жарылымдары. Бас Қаратау жарылымы бойының екі жағындағы блоктар бір-бірінен 500-700 м-ге ысырылған. Каледон тектогенезі кезінде жарылымдар бойымен қышқыл магма еніп граниттер қалыптасқан. Герцин тектоникалық циклінде орта палеозой шөгінділері қатпарланған. Осы кезде ірі дизъюнктивтік жарылымдар орын алды. Герциндік тектогенез нәтижесінде Кіші Қаратау сілемі бірнеше ірі блоктарға бөлінді. Мезозой (триас, юра, бор кезеңдері) және альпі қатпарлықтары циклдерінде герциндік жарылымдар қайта жаңғырып, кіші Қаратау қатпарлары беледемі жалпылама жоғары көтерілуге ұшыраған.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9