Карантин

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Карантинауру ошағын толық оңашалау және ондағы ауруды толық жоюды қарастыратын шаралар жүйесі.[1]

Карантин (итал. quarantena, quaranta gіornі – қырық күн), уақытша тыйым салу – жұқпалы ауруларға шалдыққан немесе сол індеттер бойынша күдікті адамдар мен жануарларды жұқпалы аурулардан сақтауға, сол аурулардың жан-жаққа таралмауы үшін алдын ала жүргізілетін әкімшілік, медициналық-санитариялық, ветеринариялық-санитариялық кешенді шаралар жүйесі.[2]

Карантиндік шаралар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Көптеген жұқпалы аурулардың қоздырғыштары мен жасырын кезеңі (инкубациялық кезеңі) әлі толық анықталмаған жағдайда кез келген жұқпалы аурулар бойынша 40 күнге шектеу қойылады. Карантиндік шаралар халықаралық медициналық-санитариялық ережелерге сай ДДҰ (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы) мүшесі ретінде Қазақстан Республикасында да жүргізіледі. Әсіресе, елдің өз территориясында немесе шекаралас елдерде аса қатерлі індеттер (оба, тырысқақ, т.б.) пайда болғанда карантин жүргізудің маңызы арта түседі. Мұндай жағдайда әкімшілік шара ретінде мемлекет шекараны жабуға тура келеді. Карантин жарияланған елдермен байланыс жасауға тыйым салынады. Медициналық-санитариялық шараларға:

  • барлық жолаушылардың және экипаждың денсаулығы туралы анықтама алу;
  • тасымалданатын жабдықтарды, жүктерді тексеріп, қажет болған жағдайда дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау;
  • ауырған адамдарды және олармен жанасқандарды дәрігерлік тексеруден өткізу;
  • диагнозын анықтағанша науқастар мен күдікті адамдарды оқшаулау;

Жұқпалы аурумен ауырған адамдарды шағын топтарға бөліп обсервациялау кезінде немесе Карантин жарияланған жерден келгендерге дәрігерлік бақылау жүргізу мерзімі ауру түріне байланысты болады. Мысалы, оба және тырысқақ ауруында – 6 күн, нағыз шешек кезінде – 14 күн. Бұл мерзім сол аурулардың ең ұзақ жасырын кезеңінен аз болмауы тиісті. Оқшаулау әскери бөлімшелерде жаңадан келген сарбаздар үшін де қолданылады. Карантин жарияланған елден (жерден) кетушілер мен келушілерге сол ауруға қарсы егілгені, яғни вакцинацияланғаны туралы тиісті куәлік (сертификат) берілуі керек. Аса қауіпті жұқпалы аурулар бойынша карантин жарияланған жерде адамдардың бір-бірімен араласуына шек қойылады, жатақхана тұрғындары шағын топтарға бөлініп орналастырылады, дәрігердің рұқсатынсыз карантиндік аумақтан шығып кетуіне немесе оған басқа жақтан адамдар келуіне тыйым салынады, азық-түлікпен және сапалы сумен қамтамасыз ету ұйымдастырылады. Қажет болған жағдайда карантиндік шаралар оқта-текте кездесетін, аса қауіпті емес жұқпалы аурулар бойынша мектептерде, перзентхана, балабақша, емхана, ауруханаларда жүргізіліп тұрады. Барлық атқарылатын шаралар қауіпсіздік техникасы сақтала отырып, микробиологиялық бақылауға және эпидемиол. қадағалауға алынуы қажет.

Ветеринария саласы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Карантиндік шаралар ветеринария саласында да қолданылады. Ол кезде:

  • карантинге қойылған малды бөлек ұстап, сау малмен жанастырмау;
  • індет шыққан шаруашылықтан бірде бір мал басын, малдан алынған шикізат өнімдерін, азықтарды, құрал-саймандарды, т.б. сыртқа шығармау;
  • карантиндегі малды күтіп бағу үшін арнаулы адамдар тағайындау шаралары жүргізіледі.

Карантиндегі малдың ыстығы күніне екі рет өлшеніп отырады. Оларға арналған қора-жай сау мал тұратын қоралардан кемінде жарты шақырым қашықтықта болуға тиіс. Шаруашылыққа сырттан әкелінген әрбір мал басы туралы куәлікте келіп түскен малдың жұқпалы аурудан сау екендігі көрсетіледі. Ветеринарлық жарғыға сәйкес ондай малдар 30 күн бойы бақылауда болуы керек. Мал күтіміндегі адамдар жұмысқа керекті киім-кешекпен (таза халат, кебіс, алжапқыш, қолғап, т.б.) қамтамасыз етіледі. Бұл жабдықтар жұмыс аяқталған соң изоляторда қалдырылады. Карантиндегі малдың қиын өртеп жібереді немесе белгілі тәртіппен мал қорымына апарып көміп тастайды. Өлексені ит-құсқа тастауға болмайды. Ауру мал жатқан жер, қоралар карантин мерзімі аяқталысымен мұқият зарарсыздандырылады.

Ауыл шаруашылығында

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Карантиндік шаралар ауыл шаруашылығындағы дақылдары бойынша да жүргізіледі. Кейбір аймақтарда өсетін карантиндік өсімдіктер (мысалы, жусан жапырақты ойраншөп, кекіре, арамсояу, т.б.) болады, сондай-ақ, басқа жерден немесе басқа елден астық, түрлі дақылдар тұқымы арқылы өсімдіктерде ауру қоздыратын немесе оларды зақымдайтын әр түрлі микробтар, жәндіктер, зиянды құрттар, саңырауқұлақтар таралуы мүмкін. Сондықтан көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда да карантиндік өсімдіктер туралы арнайы Заң қабылданған. Басқа елден әкелінген астық, тұқым мұқият тексеруден өткізілуі тиісті.[3][4]

Дереккөздер:

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Вирусология, иммунология, генетика, молекулалық биология. Орысша-қазақша сөздік. – Алматы, «Ана тілі» баспасы, 1993 жыл. ISBN 5-630-0283-X
  2. О.Д.Дайырбеков, Б.Е.Алтынбеков, Б.К.Торғауытов, У.И.Кенесариев, Т.С.Хайдарова Аурудың алдын алу және сақтандыру бойынша орысша-қазақша терминологиялық сөздік. Шымкент. “Ғасыр-Ш”, 2005 жыл. ISBN 9965-752-06-0
  3. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том
  4. Шаңырақ : Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы : Қаз.Сов.энцикл.Бас ред., 1990 ISBN 5-89800-008-9