Иран конституциялық революциясы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Иран революциясы (1905-11) – империализм мен феодализмге қарсы буржуазиялық революция.

Революцияның басталу себептері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Оған Каджар әулеті бастаған билеуші феодалдар тобы және оларды қолдайтын империалистер мен жаңадан пайда бола бастаған ұлттық буржуазия, шаруалар, қолөнершілер және жұмысшылар арасындағы қайшылықтар себеп болды. Бұл қайшылықтар Иранның 20 ғасырдың басында Англия мен патшалық Ресейдің жартылай отарына айналуына байланысты күшейе түскен еді. 1905-07 жылы орыс революциясы Иранға үлкен әсер етіп, революцияның басталуын тездетті.

Революцияның бірінші кезеңі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Иран революциясы 1905 жылдың аяғында жаппай ереуілдермен және Тегеран, Шираз, Мешхед т. б. қалаларда шаһ өкіметінің зорлық-зомбылығына қарсы жалпы халықтық қызу демонстрациялармен басталды. Халық қозғалысының дүмпуінен қауіптенген шаһ 1906 жылы 5 тамызда конституциялық құрылысты енгізуге мәжбүр болды. 7 қазанда бірінші Иран мәжілісі ашылды. Ол шаһ өкіметіне шек қоятын Иран конституциясының бірінші бөлімін – Негізгі заңды жасады. Негізгі заң бекітілгеннен кейін (1906), революцияның бірінші кезеңі аяқталды.

Революцияның екінші кезеңі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1907 жылы революцияның екінші кезеңі басталды. Демократиялық және реакциялық күштер арасындағы күрес шиеленісе түсті. Революцияға қатысушылар арасында либералдық және демократиялық бағыт өріс алды. 1907 жылы 7 қазанда мәжіліс қабылдаған Негізгі заңға қосымшаларды бекітті. Иран конституциясының ең маңызды бөлімі болған бұл қосымшалар азаматтардың буржуазиялық праволарын енгізді. Империалистік елдер Иран революциясына қарсы болды. 1907 жылы Англия мен патшалық Ресей өзара келісім жасасып, 1909 жылдың көктемінде Оңтүстік Иранға ағылшын әскерлері, Иран Азербайжаны мен Гилян қаласына патша әскерлері кірді. Бұл Иран реакцияшыларының жағдайын жақсарта түсті. Сөйтіп 1908 жылы 23 маусымда Мұхаммед-Әли шаһ патша офицерлері бастаған парсы казактар бригадасының күшімен контрреволюция төңкеріс жасады. Бұдан кейін революция күрес орталығы Иран Азербайжанына ауысып, 1908-09 жылы Тебриз көтерілісі басталды. Бұл революцияның ең жоғарғы сатысы – қарулы көтеріліске ұласып кей жерлерде (Тебриз) қозғалыс басында демократияшыл топтар тұрды. Революцияшыл Тебризге Закавказье революционерлері үлкен көмек көрсетті. Олар Тебризге еріктілер отрядтарын, қару-жарақ жіберіп, шаһ әскерлерімен шайқасқа қатысты. Гилян революционерлеріне Г. К. Орджоникидзе бастаған Закавказье большевиктері көп көмек көрсетті. 1909 жылы шілдеде гилян федайлары мен бахтияр отрядтарының Тегеранға жасаған табысты жорығының нәтижесінде Мұхаммед-Әли шаһ тақтан түсіріліп, кәмелетке толмаған оның баласы Ахмед шаһ болып жарияланды. Бұдан кейін-ақ революция өзінің соңғы кезеңіне енді (1909-11).

Революцияның соңғы кезеңі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1911 жылы шілдеде патша үкіметінің құпия қолдауымен Иранға бұрынғы шаһ Мұхаммед-Әли келді. Курдистан қаласында оның інісі Салар-әд-Доул реакцияшыл бүліншілік көтерді. Реакцияның ескі тәртібін қайтадан орнатып, революция жетістіктерін жоймақ болған әрекеті халықты ызаландыра түсті. Бүкіл Иранда контрреволюцияға соққы беруді талап еткен жаппай шерулер мен демонстрациялар өріс алды. Сөйтіп қайтадан революцияшыл қарулы федай отрядтары құрыла бастады. 1911 жылдың күзінде Мұхаммед Әли Салар-әд-Доулдың қарақшылары біріккен үкімет күштері мен ерікті отрядтардан ойсырап жеңілді. Иран революциясы 1911 жылдың аяғында империалистік державалардың және Иран реакциясының біріккен күштерімен басылды.

Иран революциясы – 1905-07 жылғы орыс революциясынан кейін көтерілген, В. И. Ленин «Азияның оянуы» деп атаған империализм мен феодализмге қарсы толқынның бір бөлігі. Бұл толқын шығыста буржуазиялық-демократиялық және ұлт-азаттық революциялар заманын ашты.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақ совет энцеклопедиясы. 5 том.