Генерал-фельдмаршал

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Генерал-фельдмаршал фон Рихтхофеннің маршалдық таяғының көшірмесі

Генерал-фельдмаршал (кейде оны қысқартып «фельдмаршал» деп те атайды) — бірнеше Герман мемлекеттерінің, Қасиетті Рим империясының және Австрия империясының әскерлерінде қолданылған әскери атақ. Оған басқа әскерлерде армия генералы және герман әскери теңіз флотында гросс-адмирал атақтары сәйкес келеді.

Пруссия әскерінде және кейінірек Герман әскерінде бұл атаққа ие қолбасшылардың бірқатар артықшылықтары, мысалы, әрқашан олармен бірге жүретін жеке көмекшілері болатын. 1854 жылы «тек соғыс кезінде әскер басқарған қолбасшылар ғана фельдмаршал атағын ала алады» деген ережені бұзбастан Вильгельм ханзаданың әскери лауазымын өсіру үшін генерал-полковник деген әскери атақ енгізілді. 1870 жылы ханзада Фридрих Карл және тақ мұрагері патшазада Фридрих Вильгельм фельдмаршал болып тағайындалған алғашқы Пруссия ханзадаларына айналды.

Генерал-фельдмаршал атағы Үшінші Рейхтың жаяу әскері мен Люфтваффесінде 1941 жылға дейін ең жоғарғы атақ болып келді. Сол жылы жаңадан рейхсмаршал атағы енгізілді (оған жалғыз Һерманн Гөринг ие болып үлгерді). Генерал-фельдмаршал атағына әскери теңіз флотында гросс-адмирал атағы сәйкес келді. Үшінші Рейх күйрегеннен кейін генерал-фельдмаршал атағы алынып тасталды.

Гитлер Сталинградтың түбіндегі 6-шы армияның бәрібір Қызыл Әскерге берілуге мәжбүр болатынына көзі жеткен соң оның қолбасшысы Фридрих Паулусқа ол соңғы демі қалғанша күрессін немесе өзін-өзі өлтірсін деп фельдмаршал атағын береді. Себебі ешқашан ешбір неміс фельдмаршалы тарихта жаудың қолына тірі түспеген болатын. Бірақ Паулус бәрібір жаудың қолына беріледі. Өзіне фельдмаршал атағы берілгені туралы білгенде ол: «анау богемиялық ефрейторға бола өзімді атып өлтіретін жайым жоқ!» - деген екен.

Қазіргі таңда қайта құрылған Бундесвердегі ең жоғарғы әскери атақ — генерал. Бундесвердің жоғарғы қолбасшысының (бейбітшілік кезінде Германияның Негізгі заңының 65-ші бабы бойынша бұл қызметті қорғаныс министрі атқарады) тұрақты шешімі бойынша, генералдың барлық жауынгерлердің үстінен жүргізетін билігі ерекше. Генерал-инспектор болса қарулы күштердің жетекші штабын басқарады.

ГДР-дың Ұлттық халықтық армиясы ГДР Маршалы атағын 1982 жылғы наурыздың 25-нде тағайындады. ГДР-дың Мемлекеттік кеңесі соғыс кезінде немесе ерекше әскери жетістіктері үшін генерал әскери атағына ие адамды маршал ете алатын, бірақ бұл атақ ешкімге берілмеген күйі қалды.

Тағы қараңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]