Бақытжан Байтақов

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Бақытжан Байтақов (1898 жыл, бұрынғы Орал облысы, Темір уезі, Ойыл ауылы - 1938 жыл) - Батыс Алашорда кайраткері.

Орынбор орыс-қазақ мұғалімдер семинариясын «халық мұғалімі» мамандығымен бітірген. Ойыл өңірінде болыстық және қалалық орыс-қазақ мектептері мен училищелерінде мұғалім болып қызмет етті. Ойыл өңірінен бірінші (1917, сәуір), екінші (1917, шілде), үшінші (1918, ақпан) және төртінші Орал облыстық қазақ сиезіне делегат болып, жергілікті жер басқармаларын, сондай-ақ Ойыл облыстық Уақытша үкіметін («Ойыл уәлаяты») сайлауға (1918, мамыр) қатысты. 1917 жылы қарашада Ойыл бекінісінде өткен Жайық сырты қазақтары өкілдері кеңесіне катысушы. Жымпиты сиезінің қарарымен Ойыл облысының (уәлаятының) орталығы болып белгілшген Ойыл бекінісінде үкімет, земство мекемелерін жайғастыру және Темір, Елек, Гурьев уездері шегіндегі Қиыл, Қарағанды, Құлынды, Жетікөл, Жекенді, 1-Ойыл, 2-Ойыл, Қазбек, Ақшатау, Ақжал, Бестөбе, Қарашағыр, Жиренқүдық қазақ болыстары мен Новокалединск, Веселоводск, Преображенск, Романов, Шипов орыс болыстары есебінен Ойыл облысына қарасты Ойыл уезін күру ісімен шұғылданды. Ойыл уездік сотының төрағасы болып істеді (1918-1919). Майдан шебі Ойыл жеріне ауысқан 1919 жылдың аяқ шеңінде жергілікті халықтың текетірескен күштерден зардап шекпеуін қадағалады. Сол жылы қарашаның ортасында Ойыл бекінісін Қызыл Армияның З-Татар атқыштар полкі мен 1-Кавбригадасы алған соң А.Қалменов, Ғ.Есенғұловпен бірге Батыс Алашорда үкіметі атынан алғашқылардың бірі болып кеңес жағына шығу әрекеттерін жасады. Татар полкі командирлерінің Қызылқоғадағы Батыс Алашорда үкіметіне ұсынысы бойынша екі арада жүргізіле бастаған келіссөздерге қатысты. 1 желтоқсанда басталған келіссөз нәтижесінде Қызылқоғада тұрған Елек қазақ-орыс корпусына екі жақтан бір уақытта соққы беру туралы келісім жасалды. Бұл істе, әсіресе Ойыл мен Қызылқоға ортасындағы қазақ әскери бөлімшелері жайынан толық нақты мағлұмат бере білген Байтақов едәуір рол атқарды. Ол Батыс Алашорда үкіметі мен кеңес басшылығы арасындағы алыстан арбасқан, сенімсіздікке толы күрделі келіссөздер тарихының Қызылқоға-Ойыл кезеңінің негізгі, екінші бөлігінде де айтарлықтай еңбек сіңірді. 1919 жылы 19 желтоқсанда А.Қалменовпен бірге Ойылдагы З-Кавдивизия штабына Батыс Алашорда үкіметінің 10 желтоқсан күні Қызылқоғада өткізген кеңесінің қаулысын әкеп тапсырды. Соның нәтижесінде 20 желтоқсанда Түркістан майданының қолбасшысы М.Фрунзе Батыс Алашорда үкіметімен арадағы келіссөзді бұрынғыдан нақтырақ жүргізуге бұйрық беріп, өзіне Батыс Алашорда делегаттары келгенін В.И. Ленинге хабарлады. Делегациямен арадағы келіссөз әсерімен: «Батыч Алашорда үкіметі әскери жағынан әлсіз, бірақ олардың бізге берілуінің саяси және экономикалык астары күшті, сонда Каспийге дейінгі қазақ даласы біздің қолға кәшеді», - деген пікір түйді. 23 желтоқсанда Қалменов екеуі Ақтобе қаласына келіп, Қызылқоғада өткен кеңес қаулысын осындағы Қызыл армияның уәкілетті өкілі Лежава-Мюратқа, Қазәсревком мүшелері Ә.Әйтиев пен Б.Қаралдинге де табыстады. Соның нәтижесінде Лежава-Мюрат пен Қазәсревком мүшелері Алашорданың бүкіл пәрменді күштері өлкені басқару органдарының қатарына қосылатындығы жөнінде Батыс Алашорда үкіметі үшін айрықша маңызды шешім қабылдап, бұл шешімді делегация хат түрінде 1920 жылы 3 қаңтарда Қызылқоғаға жеткізді. Батыс Алашорда үкіметінің бұған толық қосылатындығын білдірген және өзінің Қазәсревкоммен бірге өлкені басқару жүйесін ретке келтіруді кезек күттірмес іс деп білетіндігі туралы ұсыныс-пікірлері толық баяндалған 1920 жылы 5 қаңтардағы маңызды жауап хатын табыстау міндеті де Байтақовқа жүктелді. Осы келіссөз нәтижесінде Қызыл армия мен Қазәсревкомның уәкілетті өкілдері Наумов пен Бегімбетов және Батыс Алашорда үкіметі мүшелері қатысқан 11 каңтардағы бірлескен Қызылқоға мәжілісінде Батыс Алашорда үкіметін Қазәсревкомға, әскери бөлімшелерін З-Татар полкіне қосу, Қызылқоғада Алашорда мүшелерінің қатысуымен әскери бөлім құру туралы қолайлы шешім қабылданды. Әскери бөлімге 1919 жылы 20 желтоқсанға дейін кеңес жағына шыққан алашордашылар (А.Кенжин, М.Ғалиев, т.б.) кірді. Солардың қатарында Байтақов та Ойыл өңірінде шаруашылық ісін қалпына келтіру жұмысына араласты. 1920 жылы ақпанда Мәскеуден Ойылға келген Берковскийдің Жем (Ембі) кәсіпшіліктерінен орталыққа мұнай тасу жөніндегі арнаулы экспедициясына қолғабыс беру, аудандық мұнай тасымалдау басқармаларын кұру, мұнай таситын керуендер жасақтау ісін ұйымдастырды. Орал губерниялық партия комитеті жіберген Кирпичников, Шнейдерман, Финогенов сияқты шовинистік пигылдағы кызметкерлердің жергілікті оқығандарды шеткақпайлауына, Ойыл уезін Темір уезіне немесе жаңадан құрылмакшы Адай уезіне косу, сөйтіп Батыс Алашорда орталығының маңызын әдейі кеміту пиғылдарына қарсы тұрды. 1920-1921 жылдары Ойыл уездік атқару комитетінің еңбек бөлімінде қызмет істеді. 1921 жылы қыркүйекте С.Меңдешев пен М.-Х.Мырзағалиевтің ұсынуымен Қазақ РК(б)П облыстық комитеті президиумы қабылдаған шешім бойынша обком жанындағы кеңес-партия мектебіне оқытушылыққа шақырылды. Байтақов 1925-1935 жылдар аралығында өлкелік деңгейдегі әртүрлі жауапты кызметтерде болды. 1935-1936 жылдары БК(б)П Оңтүстік Қазақстан облыстык комитеті ұйымдық-партия бөлімінің меңгерушісі. 1936 жылғы тамыз айынан Қостанай облыстық атқару комитетінің төрағасы, ҚК(б)П ОК-нің мүшесі. 1937 жылы партия қатарынан, сол жылғы 26 қазанда ҚК(б)П ОК 3-пленумының қаулысымен «халық жауы» деген айыппен ҚК(б)П ОК мүшелігінен шығарылып, ісі НКВД органына тапсырылды. Осы оқиғадан кейін өзіне өзі қол салды. НКВД қызметкерлері ауыр жаралы күйінде тұтқындап, алып кетті. КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясының каулысымен 1938 жылы ақпанда атылды. Сол шамада туысқандары да қуғындалды. 1921 жылдың соңында ағасы, халық мүғалімі, Ойыл уездік атқару комитетінің төрағасы Ерғазы Байтақов офицер Далматовтың қолынан қаза тапты. Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданында тұратын Бисенғали Байтақов 1938 жылы атылды, Темірғали Байтақов 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айрылды.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Алаш» қозғалысы. Алматы, 2008. ISBN 9965-32-715-7