Акчурин Юсуф

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Жүсіп Ақшора (Юсуф Акчурин) (2 желтоқсан 1876 жылы, Сімбір, Ресей империясы — 11 наурыз 1935 жылы, Ыстанбұл, Түркия) — татар жазушысы, журналист, тарихшы. XX ғасырдың басындағы жалпыресейлік мұсылмандық қозғалысқа қатысқан көрнекті тұлға, Түркияның мемлекет қайраткері. Ауқатты татар фабрикантының отбасында дүниеге келген. Жастық шағын Түркияда өткізіп, сонда әскери училищеде оқыды. Осман империясындағы сол кездегі саяси тәртіпке қарсы “Жас түріктер” ұйымының қызметіне қатысқаны үшін 1896 жылы абақтыға жабылып, жер аударылған ол көп ұзамай қашып шығып, Францияға барды. Парижде “Саяси ғылымдар мектебін” бітірді. Ақшора 1904 жылы Ресейге оралып, Қазандағы татар мектептерінде ұстаздық етті, “Қазан мухбире” газетінде қызмет атқарды. Бірінші орыс революциясы жылдары бүкілресейлік мұсылман съездерін өткізуге тікелей қатысып, “Ресей мұсылмандар одағы” ұйымының ОК-не мүше болды. 1908 жылы Түркияға эмиграцияға кеткен Ақшора “Жас түріктер революциясына” белсене араласты. 1911 жылдан бастап “Тюрк юрду” аталатын журнал шығару ісін қолға алды. Журнал 1912 жылы құрылған “Түрік ошағы” атты ұйымның баспа органы қызметін атқарды. Түркияда республика орнағаннан кейін Ақшора мәжіліс депутаты болып сайланды. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Ақшора халықаралық конференцияларға, Америка Құрама Штаттарының президенті Вильсонға Ресей мұсылмандары атынан мәлімдемелер берді. Онда соғыс аяқталысымен Ресей мұсылман халықтарының мемлекеттілігін қалпына келтіру мәселесін көтерді. Ақшора 1918 жылы Ресейге оралып, З. Урлиди, Ә. Бөкейханов секілді қайраткерлермен бірге Ресей мұсылмандарының мүддесін Сімбірдегі Құрылтай жиналысы мүшелерінің к-іне, Сібір Уақытша Үкіметіне, Уфа директориясына білдіріп, оны қорғау жолында әрекеттер жасады. Ақшора Ататүріктің жақын серіктерінің бірі болды. Түркияда ол КСРО-дан кетуге мәжбүр болған З. Уәлиди, Г. Исхаки, А. Топчибашев, М. Шоқай секілді қайраткерлермен тығыз қарым-қатынаста болды. Ақшора Анкара университетінің профессоры бола жүріп, 1931 жылы “Түрік тарихы қоғамын” құруға атсалысты. 1932 жылдан оның төрағасы болды. Ақшора “Еуропадағы идеологиялық ағымдар”, “Шығыс мәселесі”, “Саяси тарих сабақтары” т.б. бірқатар тарихи еңбектер қалдырды.

Дереккөздер:

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақ энциклопедиясы I том